Головкин World Boxing ұйымы өткізіп отырған тұңғыш әлем чемпионатының ашылуына қатысты

Редактор
27.10.2024, 14:17

Жарысқа 30 елден 180 спортшы қатысуда

olympic.kz

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Пуэблода (АҚШ) бокстан алғаш рет өтіп жатқан U19 әлем чемпионатының ашылу салтанатына қатысты.

Шарада сөз алған Геннадий Головкин әлем біріншілігінің маңызына тоқталып, аталған дода спорттағы жаңа дарындардың жұлдызын жағуға көмектесетін алаң ғана емес, сонымен қатар түрлі елден келген жас боксшылардың бірлігі мен достығының белгісіне айналатынына сенімді екенін жеткізді.

Айта кетейік, әлем чемпионатында 30 елден 180 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан намысын Ерасыл Аманғалиев (55 кг), Асылхан Көшербай (65 кг), Диас Серікұлы (70 кг) және Даниял Райымбеков (85 кг) қорғайды. Алғашқы болып рингке Диас Серікұлы шықты. Ол Алжир командасының өкілі Ислам Дахлалды жеңді.

Еске салсақ, World Boxing – 2023 жылдың сәуір айында құрылған Халықаралық бокс федерациясы. Биыл қыркүйек айында Қазақстан аталған ұйымға кіру үшін өтініш берді.

Бұған дейін Геннадий Головкин World Boxing Олимпиадалық комиссияның төрағасы қызметіне тағайындалған.