Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстанның 8 боксшысы жартылай финалда

Редактор
30.10.2024, 02:38

Тағы 9 боксшы ширек финалда бағын сынайды

Margit Kincses

Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының ширек финалдық жекпе-жектері өтіп жатыр. Бүгін Қазақстанның тоғыз боксшысы шаршы алаңға шығып, оның сегізі жеңіске жетті.

Жарыстың ширек финалына Қазақстанның ерлер мен қыздар құрамасынан барлығы 18 боксшы шыққан болатын (ерлер – 8, қыздар – 10). 

Бүгін ерлер құрамасынан жұдырықтасқан төрт боксшының барлығы жеңіске жетті. Атап айтқанда, Диас Берікбай (48 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Санжарәлі Бегалиев (75 кг) және Расул Асанханов (-92 кг) енді финалдық жолдаманы сарапқ салады.

Қыздар құрамасынан тек 70 келідегі Мария Сидоренко ғана жеңілді. Ал, Әнел Абдрасилова (48 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг), Аружан Жаңабаева (63 кг) және Аружан Зейноллаева (81 кг) жартылай финалға жолдама алып отыр.

30 қазанда ширек финалдық жекпе-жектер жалғасады. Ерлер құрамасынан Бексұлтан Боранбек (51 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Өнер Сейілхан (71 кг) және Аслан Елдібайұлы (+92 кг) бағын сынайды. Ал, қыздар құрамасынан Елянур Турганова (50 кг), Бағжан Отынбай (52 кг), Ұлдана Таубай (66 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг) және Панар Сейітханқызы (+81 кг) жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.