Қазақ боксшылары өзбек және орыс командасын артқа тастаған
Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Алты алтын медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленіп отыр.
Ерлер құрамасынан Бексұлтан Боранбек (51 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг) және Санжарәлі Бегалиев әлем чемпионы атанды.
Ал, қыздар құрамасынан Елянур Турганова (50 кг) мен Аружан Зейноллаева (81 кг) бірінші орын иеленді. Сонымен қатар, Ұлдана Таубай (66 келі) жарыстың күміс жүлдегері атанып отыр.
Бұдан бөлек, Қазақстанның қоржынында 10 қола медаль бар.
5 алтын медаль алған Өзбекстан құрамасы екінші орын алса, тура осынша алтын медаль жеңіп алған ресейлік команда үшінші орынға табан тіреді.