Жекпе-жек АҚШ-тың Арлингтон қаласында өтеді
Әйгілі Майк Тайсон 15 қарашада (Астана уақытымен 16 қараша күні таңда) блогер Джейк Полмен жекпе-жек өткізетіні белгілі. Бүгін екеуі көпшілік алдында салмағын өлшеп, журналистерге кездесуге дайындығы туралы айтты. Ал, жиыннан соң дәстүрлі «көз атысу» рәсімінде «темір Тайсон» қарсыласын ұрып жіберді.
Боксшылардың салмағы шамалас, Майк Джейктен небәрі жарты келі ғана ауыр екен.
«Көз атысу» рәсімінде Тайсон Полды шапалақпен тартып жіберді де, «Әңгіме осымен бітті» деп, залдан шығып кетті. Жас блогер 58-дегі боксшыға қарсылық танытқан жоқ, «Ол мені қатын секілді ұрды, енді бұл менің жеке мәселем! Ол өлу керек», - деп артынан айқайлады.
Айта кетейік, жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған. Нәтижесі екеуінің де кәсіби бокстағы есебіне жазылады. Тайсонның соңғы кәсіби жекпе-жегі 19 жыл бұрын өткен болатын. Ол барлығы 58 жекпе-жек өткізіп, оның 50-де жеңіске жеткен. Ал, Джейк Пол болса кәсіпқой бокста 11 жекпе-жек өткізіп үлгерді және оның 10-да жеңіске жеткен.