Оның қарсыласы – 30 жастағы неміс Винченцо Гуальтиери
Кәсіпқой бокстан WBO тұжырымында әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегіне аз күн қалғанда мәлімдеме жасады. Ол алда тағы бір тұжырым бойынша өз салмағында әлем чемпионы атанарына сенімді.
Боксшы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында алдағы кездесуі туралы пікір білдірген.
«Бұйырса, 14 қазан мен үшін тарихи күн болады. Екі титул», - деп жазба жариялады Жәнібек Әлімханұлы.
14 қазанда АҚШ-тың Розенберг қаласында Жәнібек Әлімханұлы мен Винченцо Гуальтиери арасында WBO және IBF белбеулерін сарапқа салатын жекпе-жек жоспарланған.
Қазақстандық Ж.Әлімханұлы бұған дейні кәсіпқой бокста 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында қарсыластарынан басым түскен болатын. Оның тоғызында кездесуді уақытынан бұрын аяқтады. Ал Винченцо Гуальтиери 21 жекпе-жектің тек біреуінде ғана есе жіберген. Әзірге, қос боксшы арасындағы айқас иелеріне қанша қаржы көлемінде гонорар төленетіні белгісіз.