Шираз Әлімханұлымен кездесуден бас тартты

Редактор
18.11.2024, 20:45

Шираздың командасы промоутерлік саудаға қатысудан бас тартқан

Queensberry Promotions

Британиялық боксшы Хамза Шираз (21-0, 17 КО) Жәнібек Әлімханұлымен (16-0, 11 КО) кездесуден бас тартты.

WBO-ның жаңа президенті Густаво Оливьеридің айтуынша, Шираздың командасы промоутерлік саудаға қатысудан бас тартқан. WBO енді басқа үміткерді тағайындайды.

Бұған дейін Шираздың промоутері Фрэнк Уоррен Шираздың 22 ақпанда Эр-Риядтағы бокс кешінде чемпиондық айқас өткізетінін айтқан. Соған қарағанда, ол Эрисланди Ларамен (WBA) немесе Карлос Адамеспен (WBC) кездесетін секілді.

Уоррен - Әлімханұлының промоутері Боб Арумның бизнес-серіктесі. Екеуіне қазір Жәнібек - Шираз айқасы қызықсыз болса керек.

Әлімханұлының командасы жекпе-жекке қатысты жаңалық алдағы аптада пайда болады деген. Шираз әзірге үнсіз. Бәрі жақын арада белгілі болады. 

2024 жылы IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Әлімханұлы бір ғана кездесу өткізіп, қыркүйекте жаңазеландиялық Андрей Михайловичті нокаутқа түсірді.