Ұлттық құраманың 13 боксшысы ертең Таиландқа аттанады
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Астанада Куба, Ресей және Грекия командаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өтікізіп жатыр. Санаулы күнде Азия чемпионатына аттанатын ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов тілшілерге құрлық жарысына дайындық туралы айтты.
Маманның сөзіне қарағанда, бұл жолғы оқу-жаттығу жиындарына Ресей мен Кубаның мықты боксшылары келген. Бұл әрине, тәжірибені шыңдауға таптырмас жиын.
«Екі аптаға созылған оқу-жаттығу жиындары аяқталуға жақын. Алла қаласа, ертең кешке ұлттық құрама Алматыға, сонан соң Бангкокке, одан әрі қарай Чианг Мэйге жол тартамыз. Боксшылардың Азия чемпионатына дайындығы өте жақсы деп ойлаймын. Бұл оқу-жаттығу жиындарына Ресей құрамасының бірінші және екінші нөмірлі боксшылары, жалпы саны 26 боксшы келді. Кубадан бес боксшы қатысты. Олардың арасында Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Ла Круз бар. Олимпиада чемпионы Лопес бар. Қалған боксшылар да өз құрлықтарының чемпиондары. Одан бөлек, Грекиядан екі боксшы келді. Олар 63,5 мен +92 келіде салмақтың өкілдері. Еуропа біріншіліктерінің күміс жүлдегері. Біздің құрама өкілдері де осал емес: арамызда 8 еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар», - деді бас бапкер.
Сәтжанов жас боксшыларға аға буын өкілдері арнайы келіп, қолдау білдіретінін алға тартты.
«Өткенде бір ағамыз келіп: «басқа спорт түрлерінен жеңілсек, кейде мән де бермейміз, бокстан жеңілсек, бүкіл қазақтың жүрегі ауырады» деп жатыр. Рас, бокс қазақтың жанына жақын спорт түрі. Қайбір күні залға Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері келіп, балаларға ақылын айтты. Әлем чемпионы Мерей Ақшалов та ерекше қайрап, күш-жігер беретін сөздерін айтты», - дейді Сатжанов.
Айта кетейік, Азия біріншілігі 30 қараша мен 11 желтоқсан аралығында өтеді. Бұған дейін турнир Иорданияның Амман қаласында өтуі жоспарланған еді. Бірақ Алайда Азия бокс қауымдастығы биылғы жылы чемпионат Таиландтың Чиангмай қаласында өтетінін қосымша хабарлады. Жарысқа Қазақстаннан 13 боксшы қатысады.