57 келіде жұдырықтасуға күш жетпегенін жасырмаймын – Махмұд Сабырхан

Редактор
28.11.2024, 11:49

Ол Азия чемпионатында 54 келі салмақта ел намысын қорғайды

ҚБФ

29 қараша - 11 желтоқсан күндері аралығында Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласы бокстан кезекті Азия чемпионатын қабылдайды. Бұл бәсекеде 54 келі салмақта ел намысын 2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан қорғайды. Осы орайда Махмұдты сөзге тартып, байрақты бәсекеге дайындығы жөнінде сұрап білдік.

Махмұд Сабырхан 2022 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, 2023 жылы Ташкентте топ жарған еді.  Отандасымыз алдағы жарысқа жақсы дайындықпен бара жатқанын айтты. 

«Дайындық өте керемет. Алматы мен Астанада екі рет жаттығу жиындарына қатыстық. Куба, Ресей, Грекия боксшыларымен тәжірибе алмастық. Одан бөлек Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы (ҰОК)  Геннадий Головкин ағамызды дайындаған америкалық жаттықтырушылар Кристофер Камачо мен Дарио Камачо физикалық дайындығымызды жүйелеп, жаңа әдістерді үйретті», - дейді Махмұд Сабырхан.

Спортшы бұған дейін 1 жыл бойы 57 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқаны белгілі. Осы ретте ол өзіне қай салмақ ыңғайлы екенін атап өтті.

«Мен 54 келі салмақта екі әлем чемпионатына қатысқан едім. Бір рет күміс жүлдегер атанып, екіншісінде әлем чемпионы атандым. Қазіргі таңда 54 келі салмақта өзімді әлемдегі бірінші нөмірлі боксшымын деп есептеймін. Олимпиадада 54 келі салмақ дәрежесі болмағандықтан амалдың жоғынан 57 келі салмақта жүрдім. Топ жарам деген ой болды, дегенмен кішкене күш жетпегенін жасырмаймын. Әуесқой бокста жаңадан құрылған ұйым World Boxing –та жаңа салмақ 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетем деген мақсатым бар», - дейді боксшы.

Махмұд Сабырханның туған інісі Төрехан Сабырхан Черногорияда әлем чемпионы атағын жеңіп алып, ең үздік боксшы деп танылды. Махмұд інісінің  жеңісін қалай қабылдағаны жөнінде айтып берді.

«Бір үйден екі чемпион шығып жатқан боксшылар өте көп. Артымнан ерген інім, бауырым әлем чемпионатына кеткенде тақымымызды қысып отырдық. Мен оның дайындығын да, жарыстарын да көріп жүргендіктен чемпион болып келетініне сендім. Жеңіп қана қоймай, әлемнің үздік боксшысы атанды. Өте қуаныштымын. Ол ересектер қатарына енді қосылды. Бірге өткізіп жатқан алғашқы жиынымыз. Бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп жүреміз. Інім олимпиададан келген соң қолдау көрсетіп, екеуміз бірге Қазақстан туын желбіретеміз деген мақсатымызды айқындап алдық. Кәсіпқой боксқа ойымыз бар. Алдымен Азия және әлем чемпионаттары мен олимпиадаға қатысамыз. Егер кәсіпқой боксқа тиімді ұсыныстар түсіп жатса, екі жақта да жүруге қарсы емеспіз», - дейді Махмұд Сабырхан.

Боксшы биыл қыркүйекте шаңырақ көтеріп, көпшіліктің арасында қызу талқыға түскен. Әлеуметтік желіде бапкер Мырзағали Айтжановқа күйеу бала атанғаны туралы ақпарат таралып кеткен еді.

«15 қыркүйекте отбасын көтердім. Келіншегімнің есімі – Назым. Әкесінің аты – Мырзағали, бірақ танымал бапкер Мырзағали Айтжановқа еш қатысы жоқ. Кейбіреулер ақпаратты бұрмалап таратып жіберген секілді. Оған үйреніп те қалдық. Үйленгеннен кейін 5-6 күн ғана үйде болдым. Онан соң бірден жаттығу жиындары басталып, Шымкенттегі турнирде өнер көрсеттік. Алла бұйырса, Азия чемпионы атанып, отбасыммен бірге уақыт өткіземін деген ниеттемін», - дейді Махмұд Сабырхан.