2013 жылы да Алматыда әлем чемпионаты өткен
Қазақстан бокс федерациясы жақында ғана мүшелікке өткен World Boxing халықаралық ұйымы 2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионатын өткізетін болды. Бұл туралы ұйым ресми түрде мәлімдеді.
Аталған әлем чемпионаты World Boxing-тің халықаралық жарыс күнтізбесіндегі алғашқы ірі жарысы болмақ. Бұл сын 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында ұйымдастырылғалы отыр.
Еліміздің бокс федерациясының мәліметінше, чемпионатты өткізу мерзімі мен ұйымдастыру жұмыстары туралы қосымша ақпарат кейінірек белгілі болады.
«2027 жылы Олимпиада алдында өтетін бокстан әлем чемпионатын өткізу – Қазақстан үшін үлкен мәртебе, әрі жауапкершілік. Біздің ел ірі халықаралық спорттық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуде мол тәжірибеге ие және бұл турнир де сол дәстүрден тыс қалмайтынына сенімдімін. Олимпиада алдындағы бұл чемпионаттың маңыздылығын түсіне отырып, World Boxing ұйымына білдірген сенімі үшін алғысымды айтамын», – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин.
Қазақстанда бұған дейін де бокстан әлем чемпионаты өткен болатын. ІВА-ның күнтізбелік жоспары бойынша 2013 жылы Алматыда дүниежүзілік біріншілік өтіп, онда Қазақстан ұлттық құрамасының 6 боксшысы финалға шықты. Оның ішінде 4 боксшы чемпион атанса, 2 спортшы күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, бір боксшы қола медальға қол жеткізген еді.