Ол Қазақстанға оралып, Пекин Олимпиадасында топ жарды
Бақыт Сәрсекбаев Бейжің Олимпиадасында чемпион атанған соң Өзбекстан бокс федерациясында үлкен мәселелер қозғалғанын мәлімдеді.
«Берен Live» YouTube-каналына сұхбат берген спортшы бірқатар сұрақтарға жауап беріп, өзінің негізгі қарсыласы саналған Дильшод Махмудовтан Бейжің Олимпиадасында басым түскен соң көптеген жайтқа куә болғанын айтады.
«Бейжің Олимпиадасында жеребе кездейсоқ болды. Менің қарсыластарым кім болатынын білгенім жоқ. Ал Өзбекстан құрамасындағы негізгі қарсыласым Дильшод Махмудовпен ширек финалда кездестік. Ол да толқыды, мен де жауапкершілікті сезіндім. Кейін маған бұған қатысты неше түрлі әңгімелер жетіп жатты. "Неліктен оны Өзбекстан құрамасынан жібердіңдер, неге елде алып қалмадыңдар" деген әңгіме болған. Сол уақыттары мен Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері атанған едім», - деді Бақыт Сәрсекбаев.
Боксшы аталған сұхбат барысында өзінің қазақ болғаны үшін өзбек құрамасы сапында Афины Олимпиадасынан тыс қалғанын атаған еді. Сондай-ақ, ол 2004 жылы Тәжікстан атынан Олимпиадаға баруға ниетті болған. Алайда, оған рұқсат берілмеген.
Бақыт Сәрсекбаев 2004 жылы Қазақстанға оралып, 69 келіде ел чемпионы атанды. Боксшы 2005 жылы Азия чемпион атанып, әлем кубогында ұлттық құрамамен бірге қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, 2006 жылы Азия ойындарының жеңімпазы, 2007 жылы Азия чемпионы, ал 2008 жылы Олимпиада ойындарында чемпион атанды. Ол іріктеу кезеңдерінде Канада, Молдова боксшыларын ұтса, ширек финала Өзбекстан, жартылай финалда Оңтүстік Корея, финалда Куба боксшысынан басым түсті.