Афиныда қазақ боксшысын медальсіз қалдырған Александр Поветкин қызметінен қуылды

Редактор
Бүгін, 11:38

Ол кәсіпқой бокстан небәрі үш жыл бұрын кеткен болатын

РИА Новости

2004 жылы Афины Олимпиадасының ширек финалында қазақ боксшысы Мұхтархан Ділдәбековті (+91 кг) жеңген ресейлік Александр Поветкин спорттан кейінгі ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған болатын. Биыл мамыр айында ол Вологда облысы губернаторының орынбасары қызметіне тағайындалған. Бүгін отставкаға кетті.

Лауазымды қызметтен босағанын боксшының өзі Telegram-каналында жазды.

«Достар, барлық мәселенің басын ашып алайын! Құрметті тұрғындар! Мені жылы қабылдағаныңыз үшін рахмет айтамын. Біздің бірге бастаған жолымыз өте қысқа болды, бірақ осы уақытта мен сіздердің патриоттық сезіміңізді оята алдым, спорттың, отанды сүюдің маңыздылығын түсіндіре алдым деп ойлаймын. Спортты дамытуды, жастарды қолдауды одан әрі жалғастырып, олардың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіріңіздер!», - деп жазды Поветкин.

Ол Вологда облысында жастар саясаты, спорт және патриоттық салаларына жауапты болған.

Айта кетейік, Александр Поветкин – әуесқой бокста Афины Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы (2003 жыл), Еуропаның екі дүркін чемпионы (2002, 2004), кәсіпқой бокста WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы болған. Соңғы жекпе-жегін 2021 жылы өткізіп, британдық Дилиан Уайттан жеңіліп қалды.