Боксшы Владислава Кухтаның азаматтығын ауыстыруына Спорт министрінің ағасы кінәлі – А.Сатыбалдинова

Редактор
22.12.2023, 12:54

АҚШ-та тұратын Аида Сатыбалдина бұған дейін де қазақстандық спорт шенділерін бірнеше рет сынаған болатын

Instagram

АҚШ-та тұратын қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдина жуырда ғана Венгрия азаматтығын алған Владислава Кухтаға қатысты өз ойын айтты деп жазады Sports.kz. Оның пікірінше, спорт шенеуніктері оның жолын кесе бергендіктен, спортшы қыз амалсыз өзге елдің намысын қорғауға мәжбүр болыпты.

Бұған дейін Кухтаның өзі де Қазақстан чемпионатын жеңсе де әлемдік және халықаралық жарыстарға бара алмағанын айтқан болатын. Қазір ол Венгрия атынан Олимпиада ойындарына қатысуды көздеп отыр.

«Қазақстанда оған 60 келіде «нан жоқ». Өйткені, ол салмақта Римма Волосенко деген қыз бар. Соның кесірінен басқа боксшылардың жолын кеседі. Мәселен, бұрын Назым Ищанова деген боксшы болды, ол Римманы жеңетін. Бірақ, жолын кесе бергендіктен сынып кетті. Римманың артында Берік Маржықбаев тұр, бәрінің жолын кесетін сол адам. Ал, ұлттық құраманың бас бапкері өздігімен ешқандай шешім қабылдай алмайды. Қазақстанның спортында ешнәрсе өзгермейді, сонысы өкінішті. Сондықтан, Владиславаның қабылдаған шешімін қолдаймын, өте дұрыс істеді. Енді басқа елдің атынан Олимпиаданы жеңуіне тілектеспін», - деді А.Сатыбалдинова.

Айта кету керек, Владислава Кухта Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы және жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері.