Рингтегі салмағымды таппай жүрмін, өзбек боксшысы менен 22 кг ауыр – Айбек Оралбай

Редактор
07.02.2025, 10:24

Команда капитаны қазір Болгарияда өтетін жарысқа дайындалып жатыр

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, аса ауыр салмақта өнер көрсететін Айбек Оралбай жаңа салмаққа әлі толық бейімделмегенін айтты. Париж Олимпиадасында 92 келіде жұдырықтасқан ол жарыстан кейін +92 кг салмақ дәрежесіне ауысқан болатын.

Аса ауыр салмақта Айбек былтыр желтоқсан айында Таиландта өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Қазір Болгарияда өтетін дәстүрлі Странджа кубогіне дайындық үстінде.

«Аса ауыр салмаққа әлі бейімделген жоқпын. Әлі рингтегі өз салмағымды таппай жатырмын. Азия чемпионатында рингте өзімді сәл ауыр сезіндім. Мұны бапкерлерге де айттым. Енді Болгарияда өтетін жарысқа салмағымды тағы 3-4 келіге төмен түсіріп шығамын. Мәселен, кеше Азия чемпионатында рингке 103 кг болып шықтым. Енді 99 келіге дейін түсіремін. 

Рингте өзіңіді жақсы сезіну үшін 100-200 грамм салмақтың өзі роль ойнайды. Бұл салмақта қазір ең кішкентайы менмін. Кешегі жартылай финалда (Азия чемпионатында – авт.) өзбек боксшысымен шықтым. Менен 22 кг ауыр болып шықты. Рингте өзімді өте ыңғайсыз сезіндім, өте үлкен. Бұрын мұндай ірі денелі боксшылармен жұдырықтасып көрмегенмін», - деді Айбек Оралбай Sport+ телеарнасына берген сұхбатында.

Айта кету керек, аса ауыр салмақта бұған дейін Қазақстан намысын қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев қорғаған. Париж Олимпиадасынан кейінгі сәтсіздіктен кейін ол боксқа оралған жоқ.