Ангелина Лукас небәрі 20 күн ішінде үшінші жекпе-жегін өткізгелі жатыр

Редактор
21.02.2025, 00:38

Интернет желісінде оның қарсыласы туралы ақпарат өте аз

instagram.com/angelina_lukas1997/

Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Ангелина Лукас (13-1, 6 KO) 21 ақпанда кезекті жекпе-жегін өткізеді. Бұл жолы оның қарсыласы боливиялық Yisenia Toco болмақ.

Айта кету керек, қазақстандық боксшы небәрі 20 күн ішінде осымен үшінші жекпе-жегін өткізгелі жатыр. Оның қарсыласы туралы толыққанды ақпарат аз. Белгілісі, ол әуесқой бокстан Боливияның чемпионы болған. Кәсіпқой бокста бір жекпе-жек өткізіп, оны төрешілер шешімімен жеңіпті.

«Оқу-жаттығу кезінде мен бірнеше қарсыласқа қарсы дайындалуыма тура келді. Өйткені, алғашында маған Гана боксшысымен жұдырықтасасың деді. Кейін ол мексикалыққа ауысты. Алайда, екеуі де виза ала алмай, салмақ өлшеу рәсіміне екі күн қалғанда жаңа қарсыласымның кім екенін білдім. Мен қарсыластарымды үнемі жоғары бағалаймын, менсінбей қараған емеспін», - деп жазды Лукас өзінің Instagram-парақшасында.

Айта кетейік, жекпе-жек Стамбұлда өтеді. Ангелина Лукастың бұған дейінгі кездесуі де 8 ақпанда осы қалада өткен. Ол кезде отандасымыз венесуэлалық Джоана Зуниганы жеңген еді. Ал, 31 қаңтарда Мәскеуде ол нигериялық боксшы Айисат Орийомиді техникалық нокаутпен ұтты.