Сонымен қатар, Бекзад Нұрдәулетов өзбек боксшысымен жұдырықтасады
Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогінің» екінші жарыс күнінде ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар рингке шығады. Сонымен қатар, Бекзад Нұрдәулетов те бірінші жекпе-жегін өткізбек.
Ерлер құрамасынан бірінші болып шаршы алаңға Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай шығады (86 кг). Оның қарсыласы – болгариялық Мануель Жечев. Ал, осы салмақта өнер көрсететін тағы бір қазақ боксшысы Бекзад Нұрдәулетов өзбек Акмалжон Исраиловпен жұдырықтасады.
Екеуі де жарыстың күндізгі сессиясында өнер көрсетпек. Ал, команда капитаны Айбек Оралбай (+92 кг) болса екінші сессияда пәкстандық Тахир Абдул Уахабпен өзара мықтыны анықтайды. Сондай-ақ, 51 келіде өнер көрсететін Бекзат Алдамжаров француз Никки Камингзбен жекпе-жекке шығады.
Сонымен қатар, бүгін қыздар құрамасының өкілдері де рингке шығады. Атап айтқанда, 50 келіде Гүлнәр Тұрапбай англиялық Келсей Оклеймен жұдырықтасады. Ал, 57 келіде Айдана Забынбековаға хорват қызы Николина Качич қарсылас атанбақ. Аружан Жаңабаева (63 кг) Диана Гифрамен, Анастасия Баязитова (75 кг) қытайлық Ли Киянмен өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетейік, Болгария астанасы Софияда жыл сайын өтетін Странджа кубогі «кіші әлем чемпионаты» атанып кеткен.