Боксшы 2023 жылдан бергі сәтсіздіктерін өкінішпен еске алды
Бокста Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов спорт журналисі Ақырыс Сейітқазыға берген сұхбатында үзілістен кейін қашан жаттығуға кірісетінін айтты. Ол былтыр Азия чемпионатынан кейін жарақаты қаншалықты сыр бергенін әңгімелеп, операцияға қатысты мән-жайды айтты.
«Дәрігерлер спортпен айналысу үшін маған ота жасау қажеттігін атады. Былтыр 20 желтоқсан күні ота жасап, содан бері екі айдан астам уақыт өтті. Басында екі балдақпен жүрсем, кейін оның біреуін тастадым. Қазіргі таңда өзім жүре алатын күйге жетім. Қалыптасу кезеңін өткеріп жатырмын. Бұйырса, бір айдың ішінде жаттығуды қайта бастайтын боламын. Алматыда шұғыл түрде ота жасаған еді. Мейрамбек Оңғарұлы деген хирург тегін түрде жасап берді», - деді ол.
Сондай-ақ, боксшы 2023 жылдан бергі сәтсіздіктерін өкінішпен еске алды.
«2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында өзім үнемі жеңіп жүрген қарсыласыма есе жібердім. Оның себептері де болды. Себебі, жарақатым бар еді. Футбол ойнап жүріп бұғанамды сындырып едім. Оған ота жасатып, екі ай үзілістен кейін Ташкенттегі жарысқа бардым. Бірінші кездесуімде үнді боксшысы Депай Депайға 3:2 есебімен жол бердім. Араға уақыт салып Азия ойындарында өзімнің әйгілі қарсыласым Хасанбой Дусматовпен жолым түйісіп, ұтылдым. Тактикалық тұрғыда қателікке бой алдырып, 5:0 есебімен жеңілген жайым бар. Көп сын айтылды. Азия ойындарынан кейін рухым түсіп, сынып қалдым», - деді ол.
Естеріңізде болса, Сәкен Бибосынов 2024 жылы Париждегі Олимпиада ойындарында ширек финалға дейін жеткен еді. Алайда есе жіберіп, Франциядан жүлдесіз оралды. Ал желтоқсан айында Азия біріншілігіне барғанымен, бұл сын шымкенттік боксшыға сәтсіз аяқталды.