Аталған номинацияға төрт боксшы таласып жатыр
Top Rank промоутерлік компаниясы 2023 жылдың ең үздік нокаутын анықтау үшін өзінің Instagram-парақшасында дауыс беру науқанын бастады.
Top Rank боксшыларының бірі Жәнібек Әлімханұлы да аталған тізімде. Оның былтыр мамыр айында канадалық Стивен Батлер болған жекпе-жегі екінші раундта нокаутпен аяқталған еді. Қазақ боксшысының осы ауыр соққысы жылдың ең үздік нокауты атануы мүмкін.
Айта кетейік, бүгінде Жәнібек Әлімханұлы екі бірдей чемпиондық титулдың иесі (WBO, IBF). Соңғы жекпе-жегін ол былтыр қазан айында неміс боксшысы Винченцо Гуальтьериге қарсы өткізіп, алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.