Ол 2014 және 2016 жылдары әлем чемпионы атанған болатын
Сербияда өтіп жатқан бокстан қыздар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына тағы бір қазақ боксшысы жолдама алды.
Атап айтсақ, 48 келіде бақ сынаған екі дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай ширек финалда сенімді өнер көрсетті. Ол венесуэлалық Анаонис Седено Рохасты жеңді.
Назым үш раунд бойы қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетті. Екінші және үшінші раундтарда төреші венесуэлалық боксшыға есеп ашып, екі рет нокдаун тіркеді.
Осылайша, Назым Қызайбай үшінші рет әлем чемпионатында жүлде алмақшы. Бұған дейін ол 2014 және 2016 жылдары дәл осы салмақта топ жарған.
Қызайбайдан бөлек, жартылай финалға Алуа Балқыбекова (51 келі), Виктория Графеева (60 келі), Елдана Тәліпова (+81 келі) жолдама алды. Ал, Жайна Шекербекова жүлдеге бір табан жетпей жеңілді.