Қазақстан қыздары 3 алтын медальмен командалық есепте екінші орын алған
Бокстан Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында өткен әлем чемпионатынан кейін бас бапкер Елдос Сайдалин спортшылардың жетістігіне шолу жасады.
Құрама тізгінін алғанына бір жылға жуық уақыт өткенде Сайдалин шәкірттері әлем біріншілігінде үш алтын, 2 күміс, 1 қола медаль иеленгеніп отыр.
«Біз 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықты бастадық. Әртүрлі құраммен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бұл болашақ Олимпиадаға әр жас санатынан үміткерлер болатынын білдіреді. Жас спортшылар тәжірибелі боксшылардан үйренсе, тәжірибелі спортшылар жастардың талпынысынан шабыт алады. Бұл команданың жалпы деңгейіне оң әсерін тигізеді. Спортшылар мен жаттықтырушылардың ынтасы мен талпынысы өте жоғары. Біз маусымды жақсы қарқында бастап, 2025 жыл жемісті болады деп үміттенеміз», – деді Елдос Сайдалин ҰОК-ның ресми сайтына берген сұхбатында.
Бас бапкер қателіктермен жұмыс істейтідігін атай келе, екі финалда жеңіліс тапқан боксшылар үшін өкініш білдірді.
Ниш қаласында өткен біріншілікте Назым Қызайбай (48 кг), Алуа Балқыбекова (50 кг), Аида Әбікеева (63 кг) чемпион атанса, Виктория Графеева (60 кг), Елдана Тәліпова (+81 кг) күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Наталья Богданова (70 кг) жартылай финалда есе жіберіп, қола жүлдеге қол жеткізді.