Кепілдендірілген гонорардан бөлек боксшылар ақылы сатылымнан түскен ақшадан да үлесін алады
Орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) Астанада өткен чемпиондық жекпе-жегі үшін қанша сыйақы алғаны анықталды.
Қазақстандық боксшы чемпиондық белбеулерін алғаш рет елімізде қорғады. Ол IBF рейтингі бойынша жетінші орында тұрған француз Анауэль Нгамиссенгемен (14-0, 9 КО) кездесті. Жекпе-жек 12 раундқа жоспарланғанымен, Әлімханұлы бесінші раундта қарсыласын ауыр нокаутқа жіберді.
Sporty Salaries мәліметінше, 32 жастағы Жәнібек бұл кездесу үшін кепілдендірілген 500 мың доллар (шамамен 255 миллион теңге) алды. Алайда, егер ақылы көрсетілім (PPV) сатылымы 750 мыңға жетсе, оның табысы 3,5 миллион долларға (1,785 миллиард теңге) дейін өсуі мүмкін. Ал бұл көрсеткіштен де асып түссе, Жәнібек Әлімханұлының сыйақысы 5 миллион долларға (2,5 миллиард теңгеден астам) дейін көтеріледі. Әзірге, қанша ақылы сатылым тіркелгені белгісіз.
Жәнібектің қарсыласы қанша тапты?
Нгамиссенгенің Астанадағы жекпе-жек үшін кепілдендірілген табысы 350 мың долларды (шамамен 178 миллион теңге) құрады. Егер жекпе-жек күні ақылы трансляциялардан түсетін табыс 700 мың долларға жетсе, француз боксшысының сыйақысы 900 мың доллардан (шамамен 459 миллион теңге) асады.