Жәнібектің көздегені — WBC чемпиондық белбеуі
Кәсіпқой бокста WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жекте кіммен шығатынын атап өтті. Оның мақсаты — үшінші чемпиондық белбеуді алу.
Жәнібек өзінің X парақшасында үшінші титулға қол жеткізгісі келетінін ашық айтты. Сондай-ақ, оның көздегені — WBC чемпиондық белбеуі. Бұл титулдың чемпиондық белбеуі қазір доминикандық боксшы Карлос Адамеске тиесілі.
«Қазір мені ешқандай басқа жекпе-жек қызықтырмайды. Маған тек үшінші белбеуді алып келетін кездесу керек.
Карлос Адамес! Мен өз менеджеріме тек сенімен жұдырықтасқым келетінін айттым. Ендігі кезек сенде. Өз командаңмен ақылдасып, бұл кездесуді ұйымдастырайық. Сылтау да, кешігу де болмасын. Жанкүйерлерге қалағандарын сыйлайық!», деп жазды Жәнібек.
Әзірге Адамес тарапынан ешқандай жауап берілмеді.
Карлос Адамес ақпан айының соңында британдық Хамза Ширазбен кездесіп, чемпиондық белбеуін қорғаған. Ол жекпе-жек тең нәтижемен аяқталған болатын.
Ал Жәнібек Әлімханұлы 5-сәуір күні Астанада француз Анауэль Нгамиссенгемен жұдырықтасып, қарсыласын 5-раундта нокаутқа түсірді.