Жеңіске жеткен боксшы 100 мың АҚШ долларын алады
Қазақстандық Жолдас Жеңісов, Санатәлі Төлтаев, Нұрқанат Райыс Сауд Арабиясында кәсіпқой боксшылар арасында өтетін әлем чемпионатында сынға түседі. Бұл туралы ADAL PROMOTIONS менеджері Жанпейіс Назарғали 1bol.kz тілшісімен болған әңгіме барысында мәлімдеді.
Қазіргі уақытта ADAL PROMOTIONS қанатының астында өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшылар Эр-Рияд қаласына аттанған. Алда отандық боксшылар өз салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңға шығады.
«WBC мен Турки Аль аш-Шейхпен бірлесіп құрған жоба аясында әлем чемпионаты өткелі жатыр. Әзірге 4 салмақ бойынша ұйымдастырылған сында әр салмақта үздік 32 боксшы қатысады. Біріншілік 1/16 финалдан басталады. Мұнда сынға түсетін атлеттердің жасы 26-27-ден аспауы керек. BoxRec-те тіркелген жекпе-жек саны 10-нан аспауы керек. Кәсіпқой бокстағы жолын енді бастап жүрген спортшылардың мүмкіндігін тексертін турнир деуге болады», - деді Жанпейіс Назарғали.
Кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионатында боксшылар 57, 63, 72 келі және аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтамақ. ADAL PROMOTIONS менеджерінің сөзінше, турнир 4 күнге созылады.
«Бұл сында негізігі фавориттер ретінде АҚШ боксшыларын атауға болады. Бұдан бөлек, Мексика, Колумбия боксшылары бар. Еуропадан Украина, Франция, Англия боксшыларының қарқыны қатты. Жалпы, BoxRec-те топ-100-де тұрған бокшсылар осал болмайды», - деді менеджер.
Бұдан бөлек, әлем біріншілігінде әр жекпе-жекте жеңіске жеткен бокшсылар қомақты гонорарға ие болады. Бұл қаржының көлемі әр жекпе-жек сайын ұлғая бермек.
«Әлем чемпиоанатындағы алғашқы үш кезең 6 раундтан тұрады. Жартылай финал 8 раунд, Финал 10 раундқа есептелген. Өз салмағы бойынша жеңіске жеткен боксшы 100 мың АҚШ долларын алады және Турки Аль аш-Шейхпен келісімшартқа отырады. Бірінші кезеңде жеңіске жеткен 15 мың АҚШ долларын алады. Ал жеңілсе, 7,5 мың АҚШ доллары беріледі. ADAL PROMOTIONS боксшыларын Марат Жақиев дайындады», - деді команда менеджері Жанпейіс Назарғали.