Отандасымыз Ресей чемпионатының жүлдегері Михаил Прокопьевті жеңді
Хабаровскіде өтіп жатқан Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық бокс турнирінің екінші күні мәресіне жетті.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық ардагер боксшы, 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол шаршы алаң иесі, Ресей чемпионатының жүлдегері Михаил Прокопьевпен қолғап түйістірді.
Екеуінің жас айырмашылығы - 15 жыл. Соған қарамастан Жүсіпов бұл айқаста тәжірибе дегеннің не екенін көрсетті. Ол қарымта шабуылдар жасап, техникалық шеберлігін паш етті.
Ресейлік боксшы белсендірек қимылдағанымен, қазақстандық былғары қолғап шеберінің соққылары дәлірек болды. Осылайша, ол қарсыласына шеберлік сабағын өткізді. Қорытындысында төрешілер бірауыздан жеңісті Теміртас Жүсіповке берді.