Ілияс Оралбеков шәкіртінің оқ бойы озып шығатынын кішкентай кезінде білген
Махмұд Сабырхан жеке бапкері Ілияс Оралбековтің бала кезінде қалай жігерлендіргенін айтты.
Былғары қолғап шеберінің сөзінше, маман айналдырған төрт-бес баланы жаттықтыру үшін қаладан ауылға арнайы қатынайды екен. Тіпті төл шәкірттеріне жіті көңіл бөлу үшін ұлттық құрамадағы бапкерлер штабынан да кеткен.
«Ол кісі ұлттық құрамаға енген соң қатардағы балалардың барлығына қарауы керек. Ал Шымкентте өсіп келе жатқан дарынды балалар көп. Ол жақта да мамандар бар, бірақ Ілияс ағай секілді қарайтын ешкім жоқ. Ол кісі ірі жарыстарда қасымызда жүреді, ал басқа уақытта кішкентай балалармен жұмыс істейді. Ағайдың бірінші шәкірті бар – Мейірбек Шуақов. Ілияс ағай жарысқа кеткенде, бізге Мейірбек ағай қарайтын», - деді Сабырхан.
Махмұдтың айтуынша, Ілияс Оралбеков шәкіртінің оқ бойы озып шығатынын кішкентай кезінде білген:
«Ілияс ағай негізі еңбекқор балаларды жақсы көреді. Кішкентай кезімізде сапқа тұрғанда: «Осыдан қараңдар, Махмұд бәрінен озып шығады» деген. Бұл сөздер мені ерекше жігерлендірді. Ол кезде ағай қалада тұратын, бірақ біз үшін, төрт-бес шәкірті үшін ерінбей ауылға келетін. Қазір де біз үшін келеді. Біз болмасақ, Убаз үшін барады екен. «Олар жоқ болмаса, залға барғым келмей қалады» дейді».
Бүгінде Оралбеков қаладағы үйін сатып, сол қаражатқа зал салып жатқан көрінеді.
«Ағайдың бұрыннан арманы бар еді, ол кісі өзінің залы болғанын қалады. Қаладағы үйін сатып, жер алды, қазір сол жерге зал салып жатыр. Аздап көмек болуы үшін тағы бірер жарысқа қатысуымыз керек шығар», - дейді Махмұд Сабырхан.