Маңызды жекпе-жек биыл жыл соңына дейін өтуі тиіс еді
WBC орта салмақта әлем чемпионы Карлос Адамес (24–1–1, 18 KO) пен бұл титулдан үмітті қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановтың (20–0, 11 KO) міндетті жекпе-жегіне байланысты промоутерлік сауданы кейінге қалдырды.
Бастапқыда тараптар 6 мамырға дейін келісімге келуі керек еді, бірақ келіссөздер созылып кеткен. BoxingScene мәліметі бойынша, келіссөздер дұрыс бағытта жүріп жатқандықтан әрі тараптар келісімге жақын қалғандықтан, WBC қосымша уақыт беруді ұйғарыпты.
Бірақ бұл жайт аздап түсініксіздеу. Себебі жуырда ғана Нұрсұлтановтың АҚШ визасына байланысты проблемаға тап болғаны туралы жаңалық шыққан болатын.
«Екі рет құжат тапсырдым, екі рет бас тартты. Қазір сол жақта бір адам жұмыс істеп жатыр, тағы да тапсырып көрмекпін. Жоспар — Америкаға барып, сол жақта дайындалу. Шақырту болған, алайда АҚШ-та маған «бас тарту себебін түсіндіре алмаймыз» деп төлқұжатымды қайтарып берді», - деді боксшы.
BoxingScene ақпаратына сәйкес, Адамес пен Нұрсұлтановтың жекпе-жегі 2025 жылдың жазында Premier Boxing Champions ұйымдастыратын ірі бокс кештерінің бірінде өтуі мүмкін.
Айта кету керек, Адаместің командасы Мейірімнен бас тартып, өзге қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек ұйымдастыруы да мүмкін. WBO/IBF титулдарының иесі Адаместі екі жылдан бері «құрығына түсіре алмай» келеді.