Лукас 31 қаңтар мен 21 ақпан аралығында үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті
Кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас өзінің спорттағы жетістігін украиналық Василий Ломаченконың (18 жеңіс, 3 жеңіліс, 12 нокаут) мысалымен түсіндірді. Айта кетейік, екі дүркін Олимпиада чемпионы Ломаченко кәсіпқой мансабындағы небәрі екінші жекпе-жегінде чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқан.
Иә, мен әлем чемпионы болдым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Кәсіпқой боксқа алғысым шексіз. Себебі олар әрдайым мүмкіндік береді, сенім артады. Мысалы, Василий Ломаченко – екі дүркін Олимпиада чемпионы, ол бар болғаны екінші кездесуінде-ақ чемпиондық атақ үшін рингке шықты. Олар сенің бұрынғы жетістіктеріңе, әуесқой бокста қалай өнер көрсеткеніңе мән береді, – деді Лукас Sport+ арнасына берген сұхбатында.
Боксшы қыз атақты жерлесі Геннадий Головкинмен (42 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 тең) де өзін салыстырды. Айта кетейік, Головкин WBC, IBF, WBA және IBO нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы болған.
IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы – менің жүрек қалауым. Бұл белбеу оңайлықпен берілмейді. Меніңше, Геннадий Головкин бұны жақсы біледі, өйткені ол бұл титулды 22 рет қорғады. Мен Қазақстанға әлем чемпионы белбеуін әкелгеніме қуаныштымын. Головкин – біздің мақтанышымыз, кәсіби бокстың саңлағы, бұл титулдың иесі болған. Енді мен осы атақты әйелдер боксында қорғап жүрмін, – деді Лукас.