Мырзағали Айтжанов Олимпиада жолдамасы берілетін жарысқа кімдерді апаратынын айтты

Редактор
10.01.2024, 09:11

Олардың қатарында Асланбек Шымбергенов те бар

olympic.kz

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Италияда өтетін лицензиялық турнирге қай боксшыларды апаратынын мәлімдеді.

Айта кету керек, ерлер құрамасы әзірге жеті жолдаманың тек біреуін ғана жеңіп алған. Азия ойындарында аса ауыр салмақта екінші орын алған Қамшыбек Қоңқабаевта ғана Олимпиада лицензиясы бар. Ал, қалған боксшыларымыз ақпан айының аяғында Италияда өтетін халықаралық турнирде өз мүмкіндігін сынап көреді.

«Қалған алты лицензияның бәрін алу оңай болмасы анық. Әр салмақта жолдама ала алмай қалған әлемнің мықтылары бар. Олар да барын салады. Бәсекелестік аса жоғары. Бірақ, біз алға қойған мақсатымызды алдымен Италияда, кейін Тайландта орындауға күш саламыз.

Ринг - киелі орын. Бұл жерде түрлі жағдай болып жатады. Әрбір ел өз боксшысының жолдама алуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатады. Сондықтан, Италияда жолдама ала алмай қалған боксшыны ауыстырып тастаймыз деп алдын ала айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді.

Ал, Италияға кім барады деген сұраққа жауап берер болсам, кешегі Қазақстан Спартакиадасында чемпион болған боксшыларды апарамыз. Алты боксшы ғана барады. Олардың әрбіріне өздеріңді күтіңдер, дайын жүріңдер деп айтып жатырмын.

Ал, Қамшыбек бармайды. Оны басқа елдердің біріне оқу-жаттығу жиындарына жіберуді ойластырып жатырмыз», - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Еске салайық, бұған дейін Данияр Елеусіновтің әуесқой боксқа оралып, Олимпиада жолдамасын беретін жарысқа баратыны туралы қауесет тараған болатын. Яғни, команда капитаны Асланбек Шымбергеновтің бұл жолы да Олимпиадаға бара алмайтыны айтылған. Дегенмен, Қазақстан бокс федерациясының өкілдері бұл апаратты жоққа шығарды. Италияда өтетін лицензиялық турнирде 71 келіде ел намысын Шымбергеновтің өзі қорғайды.