Енді ол қырғыз боксшысымен жұдырықтасады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Тастаев 25 мамырда Қырғызстанның Ош қаласында кезекті жекпе-жегін өткізеді. Бұл оның кәсіпқой рингтегі 12-ші айқасы болмақ.
Айдос биылғы көктемде ерекше белсенділік танытып отыр. Алдағы кездесу соңғы бір ай ішіндегі үшінші жекпе-жегі болмақ. Бұған дейін, сәуір айында ол бір тәуліктің ішінде екі рет рингке шығып, қарсыластарын нокаутқа жіберген еді.
26 сәуір күні Ташкентте өткен кездесуде Тастаев бірінші раундта өзбекстандық Дильшодбек Насирдиновты техникалық нокаутпен жеңді. Араға бір күн салып, 27 сәуірде тағы бір өзбек боксшысы Мұхаммаджон Бобоевпен қолғап түйістіріп, оны екінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп шықты.
Қазіргі уақытта Айдос Тастаевтың кәсіпқой бокстағы рекорды — 5 жеңіс және 6 жеңіліс. 25 мамырда ол Қырғызстанның өкілі Арген Кадырбекұлымен кездесіп, алтыншы жеңісін еншілеуге тырысады.