«150 мың доллар»: Бокстан Қазақстан кубогының жүлде қоры белгілі болды

Редактор
21.05.2025, 10:00

Әлем кубогына 30-дан аса елден 350-ден аса спортшы қатысады

ҚБФ

Биыл күзде астанада аймақтық командалар арасында Қазақстан кубогы өтеді. Аталған жарыстың жүлде қоры 150 мың АҚШ долларын құрап отыр.

Бұл туралы еліміздің бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов мәлімдеді.

«2025 жылдың күзінде аймақтық ерлер және әйелдер командаларының қатысуымен Қазақстан бокс федерациясының Кубогы өтеді. Қайта жаңғыртылған жарыстың жүлде қоры 150 000 АҚШ долларын құрайды.

Өңірлердегі боксты дамытуға бағытталған жобаға ұлттық құраманың 1-2 нөмірлі боксшылары қатыса алмайды. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап Клубтық чемпионатты өткізу жоспарлануда. Турнир спорттық резервті қалыптастыруға, аймақтарда, әсіресе ауыр және аса ауыр салмақ дәрежелерінде боксты дамытуға бағытталған», - деді Мерей Ақшалов.

Сондай-ақ, маусым-шілде айларында Астанада ерлер және әйелдер арасында әлем кубогының бәсекесі өтпек.

«30 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем кубогына 30-дан аса елден 350-ден аса спортшы қатысады. Қазіргі таңда 23 елден 200 қатысушы алдын ала қатысуын растады», - деді федерацияның бас хатшысы.