Азия чемпионатының финалына Қазақстанның – 23, Өзбекстанның 1 ғана боксшысы шықты

Редактор
21.05.2025, 23:35

Отандастарымыз негізінен тәжік және қырғыз боксшыларымен Азия алтынын сарапқа салады

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Коломбода (Шри-Ланка) өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатының финалистері анықталды. 22 жасқа дейінгі санатта Қазақстаннан барған 25 боксшының 23-і финалға жолдама алды.

Жартылай финалда қазақ боксшыларының көбі қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Мысалы, 60 келі салмақта Нұрислам Қалдыбаев жергілікті боксшыны бірінші раундта техникалық нокаутпен ұтса, 75 келіде Аман Қонысбеков вьетнамдық қарсыласын екінші раундта тоқтатты. 51, 57, 67 және 71 келі салмақ дәрежелерінде де қазақстандықтар 5:0 есебімен жеңіске жетіп, сенімді өнер көрсетті. 

Бір қызығы, финалдағы басты бәсекелестеріміз Қырғызстан мен Тәжікстан құрамалары болады. Ал жарысқа шағын ғана құраммен келген Өзбекстан тек бір финалистпен шектелді: 48 келіде Тілеуберді Сүлеймени Бехруз Холдоровпен жұдырықтасады.

Биылғы Азия біріншілігі Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) құрамына кіретін ASBC құрылымының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.