Ұлыбританиялық боксшы қыз үйлену тойынан екі апта өткен соң қайтыс болды

Редактор
23.05.2025, 09:58

Спортшыға қатерлі ісік диагнозы қойылған

Әлеуметтік желі

Ұлыбританияның танымал боксшысы Джорджия О’Коннор 25 жасында өмірден озды. Ол 9 мамыр күні тұрмысқа шығып, небәрі екі аптадан кейін көз жұмды. Биылғы жылдың басында спортшыға қатерлі ісік диагнозы қойылған болатын.

Қаралы хабарды Ұлыбританияның Бокс федерациясы Instagram парақшасында растады.

«Джорджия О’Коннордың қайтыс болғанына қатты қайғырамыз. Ол – рингтегі ерекше талантымен де, одан тыс өмірдегі қайсар рухымен де талай жанға шабыт сыйлаған боксшы. Әуесқой бокс қауымдастығының сүйікті мүшесі болды. Осы қиын сәтте оның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз», – делінген федерация мәлімдемесінде.

Джорджия спорттық мансабында бірқатар ірі жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, 2017 жылы Жасөспірімдер арасындағы Содружество ойындарында алтын, Жасөспірімдер әлем чемпионатында күміс пен қола медаль иеленген. Сонымен қатар, түрлі халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінген.

Ауруды дер кезінде анықтамаған

РИА Спорт агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар айында О’Коннорға қатерлі ісік диагнозы қойылған. Спортшы Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметін (NHS) өткір сынға алып, дәрігерлердің 2024 жылдың қазанынан бері өзінің бірнеше рет жасаған тексерілу өтінішін елемегенін мәлімдеген. Ол кезде спортшыға бастапқыда «ойық жаралы колит» диагнозы қойылған еді.

Мансабында кәсіби рингке де қадам басқан Джорджия үш жекпе-жектің үшеуінде де жеңіске жеткен. Бірақ ауыр дерт оның өмірін қапыда үзіп кетті.