Мұндай мүмкіндік Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиевте болған
Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов екі дүркін олимпиада чемпионы атануы мүмкіндігі болған боксшыларды атады.
Былғары қолғап шебері «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында Төрехан Сабырханның болашағынан үміт зор екенін алға тартты.
«Қазақта, өкінішке қарай, көрші ел Өзбекстан сияқты бокстан 2 дүркін Олимпиада чемпионы әлі шықпады. Соған қынжылатыным бар. Нағыз чемпион – өзі чемпион болып қана қоймай, артынан чемпион тәрбиелеген адам. Арманым – екі дүркін Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығару.
Қазіргі спортшылардың ішінде Төрехан Сабырханнан үміт көп. Бұған дейін дәл сондай үміт Серік Сапиев, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусіновтен болған», – дейді Ермахан Ыбрайымов.
Айта кетейік, Артаев 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған. Сәпиев 2012 жылы Лондонда, ал Елеусінов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада чемпион атанған.