Халықаралық турнирге Қазақстан құрамасының екінші номерлі боксшылары қатысуда
Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан Thailand Open-2025 халықаралық турнирінің жартылай финалына өтті.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бекбауов ширек финалда Париж олимпиадасының күміс жүлдегері – қырғызстандық Мунарбек Сейитбек уулумен кездесіп, төрешілердің басым дауысымен жеңіске жетті. Осылайша, ол жартылай финалға жолдама алып, кем дегенде қола медальді еншілейді. Ал қарсыласы жүлдеден тыс қалды.
Айта кету керек, бұл – Бекбауов үшін аталған турнирдегі алғашқы жекпе-жек. Себебі 1/8 финалда оның қарсыласы иорданиялық Обада Аласбех айқастан бас тартып, қазақ боксшысы жарысты келесі кезеңнен бастады.
Еске сала кетейік, Дулат Бекбауов — 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.
Мунарбек Сейитбек уулу болса Қырғызстан тарихында бокстан Олимпиада ойындарында және әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы боксшы.