Қазақстандық промоутерлер дереу іске кірісіп, турнирді ұйымдастыруға қолға алған
Қазақстандық бокс ардагерлері – «Мотиватор» лақап атымен танымал Әнуарбек Бекембетов пен Мұхит Амантаев 6 маусым күні жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда күні кеше жекпе-жек белгісіз себептермен кейінге қалды деген ақпарат тарады.
Бұл турнирді AllStarsBoxing компаниясы ұйымдастырып жатқан. Оның жетекшілігінде әзербайжандық менеджер Зия Алиев тұр. Бұған дейін осындай сәтсіздіктерімен талай рет есте қалған. Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің менеджері қызметін атқарған.
Дегенмен өзге қазақстандық промоутерлер дереу іске кірісіп, турнирді ұйымдастыруға қолға алған. Бұл туралы осы кеште жұдырықтасатын боксшы Балауса Мұздыман айтты. Алайда кештің басты хедлайнері саналған «Мотиватор» мен Мұхит Амантаев болмайды.
«Өзге спортшылар секілді оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Салмақ қудық. Моральдық, психологиялық тұрғыда жақсы дайындалдық. Өкінішке қарай, үш күн қалғанда жекпе-жек өтпейді деп айтты. Біз үшін бұл күйзеліс болды. Қаншама дайындықтан өткен соң, жарыс болмайды десе оңай емес. Басқа спортшыларды да түсініп тұрмын. Бір қуантқаны, қазақстандық бірнеше бокс промушені бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп жатыр. Бүгін менде салмақ өлшеу рәсімі өтеді. Сөйтіп 6 маусым жоспарланғандай жекпе-жек өтетін болды», - дейді Балауса Мұздыман.
Балауса Мұздыман мен мысырлық Айя Рамадан кездеседі. Ресейлік блогер Дани Милохин мен поп-ММА өкілі Байрам Кахруманов кездеседі.