Боксшы бұл жекпе-жектің қыркүйек айында өтуі мүмкін екенін айтады
Әнуарбек «Мотиватор» Мұхит Амантаевпен өтпей қалған жекпе-жегіне қатысты түсініктеме берді. Екеуара кездесу 6 маусымда Алматыда өтуі керек еді. Алайда турнирге бірер күн қалғанда ұйымдастырушылар айқастың өтпейтінін мәлімдеді.
«Мұхит екеуміз Алматыға келдік, айқас өтетін болып, екеуміз дайындалып жатқанбыз. Ал ұйымдастырушы Зия Алиев бірер күн қалғанда жекпе-жектің өтпейтінін хабарлады. Ол «билет өтпей жатыр, ақша жоқ» деген сылтау айтты. Негізі Зия бұл кездесудің өткенін қаламайтынын естідік. Мұхит оны «алаяқ, бізді лақтырып кетті» деп айыптап жатыр. Мен де дайындық барысында біраз шығындалдым, бірақ сол дәрумендерге кеткен ақшаны қайтарып алдым», - деді Әнуарбек.
Боксшы бұл жекпе-жектің қыркүйек айында өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Бірақ ол Амантаевтың айқасқа шыққысы келмейтінін тілге тиек етті.
«Қыркүйекке қалды деп жатыр, оны да көрейік. «Күтпеймін, мен далада төбелесе берейік» демеймін ғой. Тіпті тегін төбелесейін десем де, ол айқас өтпейді. Мұхит «мен тегін төбелесе беремін» депті. Иә, оның демеушілері көп, ақшаны беріп жатыр. Ал менде ондай демеуші жоқ, сол үшін де сыйақыға төбелесемін. Бірақ Мұхит Астанаға оралған соң видео түсіріп, шолақ шалбарын, халатын көрсетті, сөйтіп Зиямен жұмыс істемейтінін, шаршап кеткенін алға тартты. Яғни бұл дегеніміз, ол қоштасып жатыр, менімен төбелеспейтінін аңғартты. Оның аузынан «Әнуарбекпен жұдырықтасамын, тек басқалар ұйымдастырсын» деген сөз шыққан жоқ. Ал маған кім ұйымдастырса да бәрібір, мен дайынмын. Айқасты мен ғана емес, бүкіл қазақ елі күтіп отыр», - деді «Мотиватор».