«Не болғанын түсінбей қаласың»: Әлімханұлы Адаместі нокаутпен жеңуге уәде берді

Редактор
14.06.2025, 11:33

Десе де, қос тарап жекпе-жек өткізу бойынша ешқандай келісімге келмеген

Nomad Promotions

Кәсіпқой бокстан IBF/WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) WBC белбеуінің иегері – доминикандық Карлос Адамеске (24-1-1, 18 KO) үндеу жасады.

Қос боксшының менеджерлері бірнеше жылдан бері жекпе-жек өткізу бойынша келісімге келе алмай жүр. Есесіне, Жәнібек пен Карлос осы уақыттан бері әлеуметтік желіде «ашық айқас» ұйымдастырған. Бұл жолы қазақ боксшысы оны нокаутқа жіберуге уәде етті.

«Карлос, менен қорықпа! Жекпе-жектен жалтарма! Уайымдама, мен сені қинамаймын. Бәрі жылдам болады, сен не болғанын түсінбей жатып, мен сені нокаутқа жіберем! Сен маған жау емессің! Маған керек жалғыз нәрсе — сенің титулың, болды! Сондықтан қорықпа!» – деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

Жәнібек соңғы рет рингке 5 сәуір күні Астанада өткен бокс кешінде шыққан болатын. Сол жекпе-жекте ол франциялық Анауэль Нгамиссенгені (14-1, 9 KO) бесінші раундта нокаутқа түсіріп, титулдарын сәтті қорғады.

Ал, Адамес 22 ақпанда WBA белбеуін қорғап, британдық Хамза Ширазбен (21-0, 17 KO) кездесуінде тең нәтижеге қол жеткізген.