Абылайхан Жүсіпов алдағы аламанда 70 келіде бақ сынайды
Қазақстан құрамасы Астанада өтетін Әлем кубогына қызу дайындалып жатыр. Осы орайда командадағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі, алдағы аламанда 70 келіде бақ сынайтын Абылайхан Жүсіповтің жоспары туралы сұрадық.
– Жігіттердің барлығы тыңғылықты дайындалып жатыр. Сондықтан бұл жарыста құрамадағы боксшылардың барлығы бабында болады деп үміттенемін.
– Жарақат кедергі емес пе?
– Емделіп жатырмын. Алда тағы бір аптадай уақыт бар. Бұл толықтай емделуге жеткілікті, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
– Нидерландтағы жарыстың трансляциясы болған жоқ. Өзбекстандық Асадхуджа Муйдинходжаев екеуіңіздің жекпе-жегіңіз қалай өткенін түсінбей қалдық...
– Ереже бойынша жекпе-жек барысында бас пен бас соғысып, жарақат бастан болса, онда айқас тоқтатылып, ұпай саны бойынша кім алда тұрса, жеңіс соған беріледі. Ал қолғаптан болса, онда техникалық нокаут тіркеліп, жеңіс қарсыласқа беріледі. Бұл жерде бас пен бас соқтығысып, сол кезде мен 3:2 есебімен жеңіп жатқанмын, сондықтан жеңісті маған берді.
– Асадхуджаның даярлығы қалай екен?
– Дайындығы жақсы, өте жылдам, бірақ 70 келіге әлі толық бейімделмегені, бұл салмаққа жеңіл екені байқалды. Салмақ өлшеу рәсімінде де 69 келіні көрсетті.
– Өзбекстан тарапы нәтижеге келіспейтіні туралы айтып жатты...
– Солай жазуы заңдылық шығар. Егер біздің боксшыға қатысты осындай жайт болса, Қазақстан федерациясы да наразылық білдірер еді деп ойлаймын.
– Астанадағы аламанның маңызы жайлы айта кетсеңіз...
– Кез келген жарысқа үздік атану үшін қатысасың, қай-қайсысы да маңызды. Бірақ бұл сынның басты артықшылығы – еліміздің төрінде өтетіндігінде.
– Нидерландтағы сыннан соң бірден Астанадағы аламанда бақ сынайсыз. Бұл физикалық тұрғыда қиын емес пе?
– Жоқ, мұның бәрі алдын ала жоспарланған, соған лайық дайындалғанбыз. Нидерландқа 100 пайыз бабымызда бара алмадық. Осы жолы әлеуетімізді толық көрсетуге тырысамыз.
– Төрехан Сабырханмен спарринг жасадыңыздар, оның деңгейіне қандай баға бересіз?
– Бір қуантатын дүние, 70 келіде бәсекелестік өте жоғары, мықты жігіттер көп. Біздің ізімізді басатын жігіттердің бары қуантады. Төрехан, Фарух Тоқтасынов бар.
– Ішкі біріншілікте бір-бірлеріңізден жасыратын әдістер бола ма?
– Халықаралық додаларда бәрі бір-біріне қолдау көрсетіп, жаттығуда кеңес беріп жүреді, командада ауызбіршілік өте жоғары. Ал ішкі чемпионаттарда әркімнің өз әдістері болады.