Ұлттық құрамадан тағы 5 боксшы финалға шықты
2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбай елордада өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің финалына шықты.
Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында Жапония өкілі Хикану Шинохарамен жұдырықтасты.
Үш раундтың қорытындысы бойынша Назым Қызайбай төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Қазақстан әйелдер құрамасының тағы бір өкілі Виктория Графеева бокстан елімізде өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің финалында жұдырықтасады.
Ал Наталья Богданова жартылай финалда нигериялық Патрисия Мбатамен қолғап түйістірді. Нәтижесінде, төрешілердің бірауызды шешімімен Наталья Богданова ақтық сынға жолдама алды.
Сондай-ақ жартылай финалда Санжар Тәшкенбай Әзірбайжан өкілі Субхан Мамедовқа қарсы айқасты.
Тартысқа толы жекпе-жектің нәтижесінде Санжар Тәшкенбай төрешілердің бірауызды шешімімен ақтық сынға жолдама алды.
Айта кетейік, бұған дейін 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай жекпе-жексіз финалға шыққан болатын. Сонымеү қатар, Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) финалға өткен еді.