«Канелоның» бұрынғы қарсыласына Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуге кеңес берілді

Редактор
Бүгін, 11:06

Берланга кәсіби мансабында тек мексикалық Сауль «Канело» Альварестен жеңілген

Getty images

Boxingnews24.com порталы америкалық боксшы Эдгар Берлангаға (23-1, 18 KO) қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) жекпе-жек өткізуге кеңес берді.

Айта кетейік, Берланга кәсіби мансабында тек мексикалық Сауль «Канело» Альварестен жеңілген.

«Хамза Шираздың Берланганың жанкүйерлер алдындағы беделін қайта көтеруге деңгейі жетпейді. Қазір оған әлдеқайда мықты қарсылас қажет, яғни мұндай деңгейдегі боксшыны жеңетініне жанкүйерлердің өзі күмәнмен қарайтындай болуы керек. Мәселен, Дэвид Бенавидес, Дэвид Моррел, Кристиан Мбилли, Ослейс Иглесиас немесе Жәнібек Әлімханұлы секілді боксшылар», – деп жазады басылым.
Сондай-ақ портал: «Егер Турки Әл аш-Шейх Берлангамен жұмысын жалғастырса, онда Диего Пачеко, Кристиан Мбилли, Ослейс Иглесиас, Дэвид Моррел, Жәнібек Әлімханұлы немесе Дэвид Бенавидес секілді қарсыластардың бірімен жекпе-жек ұйымдастырып беруі керек», – деп нақтылайды.

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы – орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Ол соңғы жекпе-жегін 5 сәуір күні Астанада өткізіп, француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңген болатын.