Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Дычко мен Елеусінов жертөледе «қапшықтарды» ұрды. Кім кімді алдап жүр?

Редактор
21.07.2025, 17:23

Бұл іс-шараны кәсіби түрде түсіретін бір де бір камера болмаған

Instagram.com/yeleussinovdaniyar

Суперауыр және жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшылар Иван Дычко (15-0, 14 КО) мен Данияр Елеусінов (13-0, 8 КО) АҚШ-тағы кезекті жекпе-жектерінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Алайда кәсіби тұрғыдан алғанда бұл жеңіс екеуіне де пайда әкелген жоқ.

Мәселе қарсыластарының деңгейінде ғана емес, олардың әлсіз екені о бастан түсінікті еді, әңгіме бокс кешінің ұйымдастырылуында болып тұр. Басқаны былай қойғанда, бұл іс-шараны кәсіби түрде түсіретін бір де бір камера болмаған. Жекпе-жектердің бейнежазбасы жоқ.

Осы жайттың бәрін ой елегінен өткізе келе, боксшылардың менеджері Зия Алиевтің Дычко мен Елеусіновті жылдың басты бокс кешіне – Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы кардқа шығарамыз деуіне жол болсын дегің келеді.

Иван Дычконың Сэмюэл Кроссдты (11-5-1, 7 КО) бір соққымен-ақ алғашқы раундта-ақ нокаутқа жіберген сәтін жанкүйерлердің бірі ұялы телефонына түсіріп үлгерген. Ал Данияр Елеусінов пен Джеймс Бэкон (26-6, 17 КО) арасындағы жекпе-жектің үзіндісі де жоқ.

Бұл кеш Американың Пенсильвания штатындағы шағын ғана Вашингтон қаласында өткен. Желіде тараған видеоға қарап, кеш бокс аренасында емес, ангарда өткендей әсер қалдырады. Жанкүйерлердің өзі ол жерді «сарай» деп атаған. Өкінішті жайт. Себебі Олимпиада ойындарында бірі чемпион, бірі қола жүлдегер атанған Елеусінов пен Дычко мүлде басқа деңгейге лайық.

Данияр Елеусінов кезінде Нью-Йорктегі әйгілі Barclays Center мен Madison Square Garden ареналарында өнер көрсетсе, енді жүз шақты көрермен жиналған ангарда жұдырықтасуға мәжбүр.

Осыдан соң Зия Алиевтің бұған дейін айтып жүргенінің бәрі «қиялдағы  әңгіме ме?» деген ойға қаласың. Естеріңізде болса, жақында ғана менеджер «Дычко мен Елеусінов қыркүйекте «Канело» – Кроуфорд кардында жұдырықтасады» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, екеуі де шілдеде Питтсбургте дайындық жекпе-жектерін өткізеді, жаңа бапкер, жаңа лагерь – бәрі дайын. Сөзіне қарасаң, бәрі келісілген. Бірақ оның бұл сенімді мәлімдемелерді неге сүйеніп жасап отырғаны белгісіз.

Тағы бір мәселе, Дычко мен Елеусінов ауыл деңгейінде ұйымдастырылған шоуларда қаншаға дейін өнер көрсетпек? Бокс кешінде бір де бір камера орнатуға жарымаған менеджердің «алтын жекпе-жектер» ұйымдастыру туралы сөзіне қашанға дейін сеніп жүре бермек?

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама