Ақша болса, сен бірінші жарысты ұтқаннан кейін құлдырайсың.
Бокстан әлемнің үш дүркін жүлдегері, Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Абылайхан Жүсіпов «Бірінші бол» YouTube арнасының подкастында қонақта болды. Спортшы әкімдер уәде етіп, үй ала алмағанын еске түсірді.
Айтуынша, жарыстан кейін пәтер береміз деп уәде еткен, бірақ әкім ауысуына байланысты орындалмаған жағдайлар бірнеше рет болған.
«Спортшыларға кілтін табыстап, бірақ үйді бермеген жағдайлар көп болды ғой. Негізі заң тұрғысынан пәтерді бере алмайды. Мұндай жағдайлар басымнан көп өткен. Барасың, жарыста ұтасың. Келгеннен кейін келесі жарысты ұтсаң, пәтер береміз дейді. Жақсы деп, құлшынып, келесі жарысты ұтып келсең басқа әкім отырады. Айтсаң күлкілі нәрсе. Өмірімде үш рет жарысқа барып, үш рет әкім ауысып кеткен жағдайлар болды. Оны қазір ашып айтып отырмайсың. Сол нәрсені журналистер көрсетіп, айтпаса, спортшылар оны айта алмайды. Жалпы қазіргі боксшылардың бәріне айтарым – босамау керек. Бір жарысты ұтып, жинайтын көрімдікті жинап, үкіметтен алатын сыйақыны алып, босаңсып кетуге болмайды», - дейді Абылайхан Жүсіпов.
Ол жігіттер осы жағын түсіну керек. Спортта жүргеннен кейін біздің түпкі мақсатымыз ақша болмау тиіс деп санайды.
«Ақша болса, сен бірінші жарысты ұтқаннан кейін құлдырайсың. Әлемде спортта жүрген қаншама бай жігіттер бар. Олар спортты тастаса, өздері түгілі немерелеріне дейін ақшалары жетеді. Бірақ, түпкі мақсат ақша болмай тұр. Біздің жігіттерге де өмірде із қалдыратын, тарихта қалатын ұлы мақсат керек», - дейді боксшы.