Адамес қаржылық шарттары көңілінен шықпағандықтан бас тартқан.
Қазақстандық боксшы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 КО) менеджері Эгис Климас мәлімдеме жасады.
Ол WBC белбеуінің иегері Карлос Адамеспен жекпе-жек өтпесе, қазақ боксшысы үшін қандай балама нұсқалар бар екенін айтты.
«Бұрын чемпион боксшы болғанда, бәрі онымен жекпе-жекке шығуға ынтық болатын. Ал қазір, керісінше, ешкім чемпионмен айқасқысы келмейді. Бірнеше айдан бері Адамеспен жекпе-жек туралы әңгімелер жүріп жатыр. Олар Twitter-де бір-біріне мәлімдемелер жасайды, бірақ сөз күйінде қалып жатыр. Өйткені нақты жекпе-жекке келгенде Адамес айқасқысы келмейді», - деді Климас 3 Knockdown Rule подкастында.
Климастың айтуынша, олар бірден Сауд Арабиясындағы инвестор Турки Әл аш-Шейхтің ұсынысына қол қойып, қайта жіберген, бірақ Адамес қаржылық шарттары көңілінен шықпағандықтан бас тартқан.
Менеджер сондай-ақ Жәнібек қазір орта салмақта барлық белбеуді иеленіп көздеп отыр екен. Сосын барып, басқа салмақ ауысамын деген жоспар құрған.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Ал Сауль Альварес суперорта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы. Қыркүйек айында «Канело» америкалық боксшы Теренс Кроуфордпен (41-0, 31 КО) супержекпе-жек өткізеді.