Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Баходир Жалолов Иван Дычкомен жекпе-жек үшін көп ақша сұрап тұр - менеджер

Редактор
21.08.2025, 09:12

Қарсыласқа шешім ұзақ талқылаулардан кейін ғана қабылданған

скрин видео

Ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Иван Дычконың (15-0, 14 KO) менеджері Зия Алиев шәкіртіне қандай қарсыластар ұсынылғанын айтты.

Менеджердің сөзінше, әуелде Дычкоға Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, Өзбекстанның жұлдызы Баходир Жалоловпен (15-0, 14 KO) жекпе-жек ұсынылған. Сондай-ақ Ресей боксшысы Арсланбек Махмудовпен (20-2, 9 KO) кездесу нұсқасы да қарастырылған. Қарсыласқа шешім ұзақ талқылаулардан кейін ғана қабылданған.

«Алдымен бізге Баходир Жалоловты ұсынды - біз келісім бердік. Бірақ оның командасы тым жоғары ақы сұрады. Түрки әл-аш-Шейхтің мүмкіндіктері зор, бірақ олар бизнес заңын да түсінеді. Команданың ондай сома сұрағанына таңғалдым. Сосын бізге Арсланбек Махмудов ұсынылды. Оған да келісім бердік. Біраз уақыттан соң Джермейн Франклин деген нұсқа шықты. Оның промоутері Ванямен жұдырықтасқанын қаламады, одан гөрі танымал қарсылас пен қомақты сыйақы іздеді. Бірақ біз жағдайды соңына дейін жеткіздік, Франклин келісімшартқа бір айдан астам уақыт бұрын қол қойды. Біз тек ресми жариялануын күттік», - деді Алиев Vesti.kz-ке берген сұхбатында.

Айта кетейік, Дычко 13 қыркүйек күні Лас-Вегаста шаршы алаңға шығады. Бұл кештің басты жекпе-жегі Сауль «Канело» Альварес (63-2-2, 39 KO) пен Терренс Кроуфорд (41-0, 31 KO) арасындағы айқас болмақ. Ал қазақстандық боксшы америкалық Джермейн Франклинмен (23-2, 15 KO) жұдырықтасады.

Биылғы шілдеде Иван Дычко кезекті мәрте өз мықтылығын дәлелдеп, америкалық Самуэль Кросседі (11-5-1, 7 KO) бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберген.
Әуесқой бокста Дычко белді боксшылардың бірі саналды: Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015), Олимпиаданың екі мәрте қола жүлдегері (2012, 2016), сондай-ақ әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлделерінің иегері (2011, 2013, 2015).

Айта кетерлігі, әуесқой бокста жүргенде Дычко мен Жалолов төрт рет кездескен, және солардың барлығында қазақстандық боксшы жеңіске жеткен.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама