Жәнібек үйректер жүзіп жүрген көлдің жағасында тұрып видео түсірген
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBC чемпионы Карлос Адаместі келеке етті.
WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Әлімханұлы доминикандық былғары қолғап шеберінің айқастан қашып жүргенін тағы бетіне басты.
Жәнібек үйректер жүзіп жүрген көлдің жағасында тұрып видео түсірген.
Ағылшын тілінде «үйрек» – duck, ал «қашу», «жалтару» деген ducking деп аударылады.
Жәнібек видео арқылы былай деп үн қатты:
«WBC чемпионы Карлос Адамес, қайдасың? Жекпе-жекке шығайық! Маған өз белбеуім керек!»
Айта кетейік, Сауд Арабиясы 22 қарашада Әлімханұлы – Адамес арасындағы үш белбеу үшін жекпе-жек өткізуді жоспарлаған. Бірақ Карлос келіссөздерден бас тартқан.
Жәнібек енді қараша айының басында АҚШ-та шаршы алаңға шығуды жоспарлап отыр.
WBO немесе IBF ұйымдары оған ресми қарсылас тағайындауы ықтимал. Ал Адамеске қазақстандық тағы бір боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен кездесуі мүмкін.