Қазақстан намысын 20 спортшы – ерлерден 10, әйелдер құрамасынан 10 боксшы қорғайды.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Ливерпульге (Англия) жол тартты. Мұнда 4-14 қыркүйек аралығында World Boxing ұйымы алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатын өткізеді.
ҚР бокс федерациясының баспасөз қызметі әуежайдан суреттер жариялап, спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл біріншіліктің жүлделері үшін әлемнің 60-тан астам елінен келген былғары қолғап шеберлері таласады. Олардың қатарында Өзбекстан, Куба, Ұлыбритания, Үндістан секілді бокстағы алпауыт мемлекеттер де бар. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, басты алтын жүлделер үшін талас Қазақстан, Өзбекстан және Куба боксшылары арасында өрбиді.
Биылғы додада Қазақстан намысын 20 спортшы – ерлерден 10, әйелдер құрамасынан 10 боксшы қорғайды. Англиядағы рингке елімізден төрт әлем чемпионы шығады: 2023 жылы Ташкентте топ жарған Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай, сондай-ақ 2019 жылы Екатеринбургте жеңіске жеткен Бекзат Нұрдәулетов.
Бұдан бөлек, Азия чемпиондары Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбай, Әлем кубогының кезең жеңімпазы Сабыржан Аққалықов және «Странджа кубогы» мен Bangkok Open турнирінің үздігі атанған Төрехан Сабырхан бар.