Жәнібек Әлімханұлы жақында беделді бокс инвесторы Турки Әл аш-Шейхке үндеу жасады
Орта салмақтағы WBC әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 КО) қазақстандық IBF және WBO белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 КО) жекпе-жектің әлі күнге дейін өтпегенін түсіндірді.
Жақында «Qazaq Style» әлеуметтік желідегі парақшасында қарсыласының рингке не себепті келіспей отырғанын түсінбейтінін мәлімдеген еді. Сол жазбаның астына пікір қалдырған Адамес:
«Бұл жекпе-жекке қызығушылық танытып отырған промоутер жоқ», – деп қысқа қайырды.
Бұған қоса, Жәнібек Әлімханұлы жақында беделді бокс инвесторы Турки Әл аш-Шейхке үндеу жасады:
«Турки, бауырым, Жәнібек пен Адаместің жекпе-жегін 22 қарашаға ұйымдастырайық!» – деп жазды қазақстандық чемпион.
Бұл жазбаға WBC белбеуінің иесі де жауап қатты:
«Біз осы жекпе-жекке шын мәнінде қызығушылық танытатын промоутер іздеп жатырмыз», – деді Адамес.
Айта кетейік, бұл айқасқа қатысты мәселе шілде айынан бері созылып келеді. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, Адамес Жәнібекпен жекпе-жекке шығуға келісім бергенімен, қауіп-қатердің жоғары болуына байланысты гонорар көлемін арттыруды талап еткен. Ал Турки Әл аш-Шейх болса, оған реніш білдіріп:
«Бұл менің босқа уақытымды алды», – деп жауап берген еді.