Мора осылайша GGG-дің жетістіктеріне күмән келтірген Райан Гарсияға жауап берді
Бұрын бірінші орта салмақта әлем чемпионы атанған, қазіргі таңда DAZN телеарнасының комментаторы әрі сарапшысы Серхио Мора Геннадий Головкинді бокстан Халықаралық Даңқ залына лайық спортшы деп есептейтінін мәлімдеді.
Мора осылайша GGG-дің жетістіктеріне күмән келтірген Райан Гарсияға жауап берді. Ол кезінде өзі де Головкиннің нокауттарынан қорқып онымен жекпе-жек өткізуден өзі бас тартқанын айтты.
«Головкиннен қашқандар тізіміне мені де қосуға болады. Маған 2014 жылы онымен жекпе-жек өткізуге ұсыныс түскенде, бас тарттым. Ол қарсыластарын нокаутпен ғана жеңетін «Big Drama Show» еді. Шыны керек, қорықтым. Оның соққылары сұрапыл болатын. Ұсынылған ақша көп емес, бірпқ қауіп тым жоғары еді. Есесіне қазір денім сау, ми жасушаларым түгел», – деді Мора.
Серхио Мора Райан Гарсияның сөзіне қатысты да пікір білдірді:
«Райанның әлеуметтік желілерде тенымалдылығы жоғаны, оқырманы көп. Бірақ оқырманның көп болуы сенің үнемі тек дұрыс сөздер айтатыныңды ғана білдірмейді. Бұл жолы ол қатты қателесіп отыр».
Мора шаршы алаңда 2000-2018 жылдар аралығында өнер көрсетті: оның қоржынында 29 жеңіс (оның 9-ы нокаутпен), 5 жеңіліс және 2 тең есеп бар. 2008 жылы ол Вернон Форрестті төрешілердің басым дауысымен жеңіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды, бірақ реваншта белбеуінен айырылды.
Айта кетейік, жақында Геннадий Головкиннің 2026 жылы Даңқ залына үміткер ретінде ұсынылғаны туралы ақпарат пайда болды. Ережеге сәйкес, боксшы соңғы жекпе-жегінен үш жыл өткен соң ғана номинацияға үміткер атана алады - ал Головкин 2022 жылдың қыркүйегінен бері рингке шықпаған. BoxingScene басылымы GGG-дің Даңқ залына бірінші реттен-ақ енетініне сенімді.
Биыл Головкиннен бөлек мына спортшылар да номинацияға енген:
Вернон Форрест (1971-2009)
Бұрынғы әлем чемпионы (жартылай орта және бірінші орта салмақтарда, 2001-2009 жж.)
2001 жылы ол P4P рейтингінің көшбасшысы Шейн Мозлиді жеңген.
Стив Коллинз (1964 ж.т.)
Орта және екінші орта салмақтағы WBO чемпионы (1994-1997)
Екі рет Крис Юбенк пен Найджел Беннді жеңген.
Әйелдер арасында номинацияға Қарағанды облысында туған Кристина Хаммер (28 жеңіс, 1 жеңіліс, 13 КО) ілінді. Германия атынан өнер көрсеткен ол WBO және WBC тұжырымдары бойынша орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы (12 мәрте белбеу қорғаған).
Райан Гарсия неге Головкинге қарсы шықты?
10 миллионнан астам жазылушысы бар боксшы Райан Гарсия The Ring журналының Inside Show бағдарламасында Головкиннің мәртебесіне күмән келтірді:
«Мен оны Даңқ залының мүшесі ретінде елестете алмаймын. Оның ұлы жеңістері де жоқ қой. Ол кімдерді жеңді өзі? Иә, Головкин бокстағы ең жарқын жұлдыздарды бірі әрі бұл мәртебесін ұзақ сақтады. Сол үшін құрметтеймін. Бірақ Даңқ залы дегеніміз бұл мүлде басқа деңгей. GGG-сіз заманауи боксты елестету қиын, оған дауым жоқ. Бірақ мен бір дәуір емес, бүкіл тарих тұрғысынан айтып отырмын. Сол өлшеммен қарасақ, мен оны Даңқ залында көрмеймін», – деді Гарсия.