Жамбылдық боксшы Қазақстан чемпионатын жүлдесіз аяқтады
Орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы, үш дүркін ел чемпионы Әбілхан Аманқұл (4-0-1, 4 КО) араға бірнеше жыл салып, Қазақстан чемпионатына қатысқан.
Алайда Семейдегі жарыс Әбілхан үшін сәтті бола қойған жоқ. Ол ширек финалда алматылық Сұлтанбек Айбарұлына жол берді.
Осылайша, жамбылдық боксшы Қазақстан чемпионатын жүлдесіз аяқтады.
Естеріңізде болса, Әбілхан 2017 жылы Гамбургте өткен әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ Азия чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның үш дүркін чемпионы (2016, 2018, 2020) атанған.
Ол 2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысқан. Жапония астанасындағы сәтсіздіктен кейін жарақатын емдеп, кейін кәсіпқой боксқа бет бұрған.
Айта кетейік, Аманқұл Альварестің жеке жаттығу залында спаррингке шығып, қарсыласын бауырдан ұрған соққымен ауыр нокаутқа жібергенімен танымал.