Ангелина Лукас промоутерлік компания ашып, ренжіген боксшылардың басын қоспақ

Редактор
31.01.2024, 13:44

Бүгінде ұлттық құраманың мүшесі болған бірнеше қыз әуесқой бокстан кетіп, кәсіпқой рипгте бағын сынап жүр

instagram.com/angelina_lukas1997/

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас кезекті жекпе-жегі алдында күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды 1bol.kz.

Спортшы қыз өзінің промоутерлік компаниясын құруды көздеп отыр. Осы арқылы еліміздегі былғары қолғап шеберлерін өзінің қанатының астына алып, спортта бағын ашуға бел буды. Бұл туралы Ангелина өзінің Instagram-парақшасында. 

«Біздің елдегі жүздеген талантты боксшыны білемін, олар үнемі жекпе-жек өткізбей, бос жүреді. Мен де осындай қиындықтарға тап болғанмын. Кезінде мені де бокстан кетіру үшін барын салып, сындыруға тырысты. Әуесқой бокстан кейін спортшы қалай кәсіпқой боксшы болуды білмейді және өміріндегі сүйікті ісінен бас тартады. Анығын айтқанда олар қайда баруды және одан әрі қалай өмір сүру керектігін білмеймін. Сондықтан мен промоутерлік компания ашып, оларға кәсіби боксқа жол көрсеткім келеді! Неліктен басқа елдердің боксшылары үнемі бокспен айналысады?! Мысалы, Мексикада әрбір ай сайын бокс кеші өтеді. Біз олардан кембіз бе? Бұл орайда Қазақстан бокс мектебі өте мықты», - деп жазды Лукас. 

Сондай-ақ, ол Қазақстанда туғанын мақтан тұтатынын жеткізді. Промоутерлік компания ашу арқылы ол елде жүрген замандастарына қолдау көрсетпек. 

«Мен Қазақстанға басқа елден келмегенімді үнемі айтамын. Себебі мен осы елде туып-өстім. Әр қазақтың қанында бокс бар екенін білемін. Елімізде барлығы боксты жақсы көреді. Оны тұрақты көріп, балаларын боксқа береді. Мен еліміздің туын биікке көтеріп, әлемнің барлық елдерінде жарқыратқым келеді. Менің арманым - абсолютті чемпион атану. Сондай-ақ, Қазақстаннан шыққан жүздеген кәсіпқой боксшы әлем чемпионы болса деген ниеттемін. Менің барлық демеушілеріме артқан сенім үшін көп рахмет. Түрлі жарнамадан тапқам ақшамды кәсіби боксқа, жаттығуларға, дайындыққа жұмсаймын», - деді Ангелина Лукас.

Ол бокс бапкерлері мен саладағы басшыларға ренжіп кетіп қалған боксшылардың да аз емес екенін, оларға кәсіпқой бокста демеу болуға дайын екенін жеткізді.

Айта кету керек, күні кеше Қазақстан қыздар құрамасының мүшесі, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болып, Токио олимпиадасына қатысқан Надежда Рябец небәрі 23 жасында спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеген еді. Ол салада былық көп екенін, басшылыққа әбден көңілі қалғанын жасырмай айтты.