Бұл тарихи айқас 2026 жылы өтуі ықтимал
Бұрынғы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Сергей Липинец алдағы жылы өтуі мүмкін Артур Бетербиев пен Дмитрий Бивол арасындағы үшінші жекпе-жекке өз болжамын жасады.
«Егер Дмитрийге бұрынғы әйелі тағы да кедергі келтірмесе, ол Артурды екінші кездегідей жеңіп өтеді. Оның үстіне Бетербиев қазір қырықтан асты, уақыт өз дегенін алады. Ал Бивол одан алты жас кіші. Сондықтан менің ойымша, үшінші айқаста жеңіс Диманың еншісінде болады», — деді Липинец.
Айта кетсек, қос мықтының арасындағы алғашқы екі кездесу жанкүйерлер есінде жақсы сақталған. 2024 жылдың қазан айында өткен алғашқы жекпе-жекте Бетербиев төрешілердің көпшілік шешімімен жеңіп, жартылай ауыр салмақта абсолютті чемпион атанған еді.
Ал биылғы ақпанда өткен реваншта Бивол дәл сондай шешіммен қарсыласын жеңіп, чемпиондық атақты өзіне қайта қайтарды. Қазір жанкүйер назары үшінші және шешуші жекпе-жекке ауған. Сарапшылардың болжауынша, бұл тарихи айқас 2026 жылы өтуі ықтимал.